Ел қалауымен құрылған театр


        2001 жылдың қыркүйегінде Ақтау қаласында Жастардың 1 республикалық конгресі өтті. Сол тұста жұмыс сапарымен Маңғыстауға келген  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушы жастармен арнайы кездесіп, оларды не толғандыратыны жайлы ашық жарқын әңгімелесті. Жастар  өкілдері де Президент алдында тікелей мәселелер көтеру мүмкіндігін пайдаланып, көкейлеріндегі ойларын ірікпей ортаға салды. Солардың бірі жаңаөзендік бойжеткен:

- Құрметті  Нұрсұлтан Әбішұлы, біз, жастар  ұлтымыздың  мәдениеті мен өнерін сүйеміз. Жұмыстан бос уақытымызда  концерт көріп, театрға барып  өрелі өнерден сусындағымыз келеді. Өкінішке орай бізде облыс екінші рет құрылып отырғанымен әлі күнге дейін театр жоқ. Еліміздің барлық облыс орталықтарында өз театрлары бар. Біздің Ақтауда да театр салынуына қолдау көрсетуіңізді сұраймыз, - деген өтінішін жеткізді.

        Президент сол арада облыс әкімі Л.Қиыновқа театр салу мәселесін тездетіп шешуге тапсырма берді. Ертесіне мәселе облыс әкімдігінде жан-жақты талқыланып, қос залды кинотеатр ретінде салынып басталып, қаржы тапшылығына байланысты құрылысы тоқтап қалған ғимаратты театрға ыңғайластырып қайта жоспарлап, құрылысын қаржыландырып, қайта бастауға шешім алынды.

        Осылайша театр құрылысы сәтімен басталып кетті. Жұмысқа бас-көз болып әрі болашақ театр ұжымының негізін құрып, қалыптастыру мақсатында театр әкімшілігі  жасақталып, оның басшылығына  аймақтағы мәдениет саласының білікті маманы, басқару-ұйымдастыру ісінде тәжірибесі мол азамат Н.Мұханов бекітілді. Республикалық деңгейде бақылауда тұрған әрі жергілікті жердің де зор ықыласы мен мүддесі қабысқан театр құрылысы сол кездегі экономикалық жағдай мен қаржы тапшылығына байланысты қиындау жүріп жатты. Сонымен бір мезгілде республиканың мамандандырылған оқу орындары мен салалас өнер ордаларынан театрдың болашақ шығармашылық және арнайы-техникалық мамандарын іздестіріп, іріктеу, шақырып орналастыру, жатын орындармен қамтамасыз етіп, жаңа орындағы қызметке баулудың қым-қуыт жұмыстары қатар жүргізілді. Осылайша театр құрылысы да, шығармашылық ұжымның тұсаукесер спектакльдерді сахнаға шығаруға әзірлігі де белгіленген мерзімде аяқталды.

        2003 жылдың 21 наурызы театрдың туған күні болып тарихында қалады. Әз Наурыздың сол бір сәтті күні Астана мен Алматыдан келген ұлттық театр өнері қайраткерлерінің, облыс жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен Маңғыстау облыстық театрының ашылу рәсімі аса салтанатты жағдайда өтті. Театрдың бір залында тұңғыш көрермендер назарына қазақ драматургиясының классикалық туындысы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» операсының либреттосы бойынша қойылған музыкалық драмасы, екінші залында Т.Әліпбаевтың «Томирис» драмасы ұсынылып, қос қойылым да жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды.

   Сол күннен Маңғыстау театрының шығармашылық тарихы басталды. Күннен күнге, маусымнан маусымға театр ұжымы талапты, талантты  қызметкерлермен, репертуарлық қоржыны әлемдік және қазақ драматургиясының бұрын-соңды классикалық туындыларымен толығып, қаз тұрып, қалыптасу кезеңіне аяқ басты.

    2006 жылы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрына ұлттық театр және кино өнерінің көрнекті қайраткері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрмұхан Жантөрин аты берілді. Осыған орай жолдаған құттықтау хатында заманымыздың заңғар жазушысы, кемел қайраткері Әбіш Кекілбайұлы ұлы актердің өнердегі орны мен болмысын былайша сипаттайды:

Маңғыстау өңірінде қазақ өнерін қадірлейтін қай адамды да енжар қалдырмайтын елеулі оқиға болып жатқанын  естіп, қатты қуанып отырмын.

   Сәуір айында түбектің  тарихи орындарын аралай жүріп, аяулы Нұрмұхан Жантөрин ағамыздың аруағын ризалау жөніндегі келген пәтуамыздың ойдағыдай жүзеге асуымен шын жүректен құттықтаймын.

   Ұлттық театр өнері – өткен ХХ ғасырдың қазақ мәдениетіне силаған  ең үлкен жетістіктерінің бірі. Сахна өнері сахара халқының  бойындағы сан ғасыр сомдаған саф қасиеттерді сан қырынан ашып берді. Баба жұртымыз дархан да дана болмысын алғаш рет өз көзімен көріп, өз жүрегімен түйсінді. Адамзаттың рухани шеруінде өзі иемденетін сыр мен сипатқа қанықты. Осынау ғажайып үрдісте қазақ көрермендерінің жанын жадыратып, жанарын жарқылдатып, санасын суарған сайып қырандарымыздың ең саңлақтарының бірі –Нұрмұхан Жантөрин. Оның аспаннан түскен зұлпықар қылыштай ақ алмас таланты тек қазақ сахнасында ғана емес, әлем экранында көз қарықтыра, көңіл зарықтыра, сананы самғата жарқылдап өтті. Әлемдік астаналарының қай шырқау сахнасынан да шырадай маздап көзге түсер  самала өнерге ие ұлы актер, дара талант, сара суреткер еді. Тіршілігінде пенделікке бармай, атақ таластырмай, бақ сынаспай, өнерден басқа ештеңеге бас имей өткен асқақ ағаның аты лайықты ардақталып жатқаны мені ерекше тебірентеді. Аруағыңнан айналайын Маңғыстау топырағының өнер қуып, қиян кетіп, қияға сермеп, биік самғаған бір өреніне-өз перзентіне  өзегін үзіп, төбесіне көтеріп, маңдайына тигізіп, мейірлене еміреніп жатқаны қай жүректі де елжіретеді. Нұрмұхан Жантөрин атағы-саф өнер, саңлақ талант, самғау  ізденістердің туы. Ақтаудың жас театр ұжымы сол тудың  астында абырой биігіне қарай аршындап алға баса бергей!»

       Дуалы ауыздан шыққан бұл сөздер ұлттық театр өнері мен оның саңлақ сардары Нұрмұхан Жантөрин еңбегінің  шынайы бағасы  болуымен қатар  жас театр ұжымының қадамына құт бітірген бата болып дарыды!

   Өткен жиырма жыл ішінде  театр әр түрлі жанр, алуан тақырыптағы 100-ге жуық спектакльді сахналап, көрерменнің патша көңілінің таразысына ұсынды. Театр репертуарында драматургиялық мұралары әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Мольер, А.Чехов, Ш.Айтматов, Ф.Эрве, А.Камю, Лопе де Вега, Гарсиа Лорка, Н.Гоголь, А.Островский сынды классиктермен қатар қазақ драматургиясының негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, дүниежүзілік драматургияның үздік үлгілерін қазақ тіліне аударумен қатар өзі де осы салада сүбелі сахналық туындылар қалдырған Ә.Кекілбайұлы, сондай-ақ С.Ахмад, Д.Исабеков, М.Байджиев, Г.Хугаев және жергілікті С.Назарбекұлы, С.Адай, С.Нұржан, С.Құдайбергенов басқа да авторлардың туындылары бар.

   Шығармашылық ұжым осы жылдар ішінде көптеген республикалық және халықаралық театр фестивалдері мен байқауларына қатысып, Бас жүлделер мен  басқа да  атаулы марапаттарға ие болды. Жекелеген өнер иелері де кәсіби жоғары шеберліктері мен жетістіктері үшін мемлекеттік марапаттар мен жүлделерге ие болып,театрдың танымалдығын арттыруға, ортақ табысқа еселеп үлес қосуда.

   Ұжым сахна сайыстарына қатыса, алыс-жақын гастрольдік сапарларға шыға жүріп шеберліктерін шыңдады, өнеге көрді, сөйтіп өз театрын да аймақтағы ғана емес республикадағы өнер ордаларының алдыңғы қатарына шығарды. Осы жылдар ішінде театрда Қазақстанның халық артисі Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының  ХVI республикалық фестивалі, Орталық Азия елдерінің V халықаралық театр фестивалі, І республикалық «ӘБІШ ӘЛЕМІ» театр фестивалі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің І халықаралық театр фестивалі, Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықарылық театр фестивалі, Əбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған І Халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалі, ІІ Халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өткізілді.

   Шығармашылық ұжым еліміз бен ТМД мемлекеттері театрларының озық ойлы үздік режиссерлерін спектакльдерді сахналауға, шеберлік кластарын өткізуге тұрақты шақырып, әріптестермен  кәсіби-іскерлік байланыстарды да жолға қойып, нығайту үстінде. Олардың қатарында республикамыздың таңдаулы сахна шеберлері, Қазақстанның Халық артистері Е.Обаев, Т.Теменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Р.Машурова, Е.Тұяқов, Хұсейін Әмір-Темір, Ә.Оразбеков, Ю.Ханинга, М.Ахманов, А.Маемиров, Қырғызстанның халық артисі С.Матвеев, Ресейдің «Алтын маска» Ұлттық театр сыйлығының иегері С.Потапов, белгілі жас режиссерлер Д.Жұмабаева, Н.Жұманиязов, Г.Қамысбаева, Мәдениет саласының үздігі Н.Насырова, О.Луцива, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ф.Молдағали және тағы басқалары бар.

   Бүгінде облыстағы жалғыз кәсіби театр бес тақырыптық бағытта  жұмыс жасайды: музыкалық, драмалық, жасөспірімдерге және балаларға арналған қойылымдар, сонымен қатар көрермендер сұрауы бойынша ашылған орыс труппасы бар.

    Театр уақыт талабына сай туындаған тақырыптарды сахналауға, ел өміріндегі аса маңызды қоғамдық құбылыстар мен оқиғаларға үн қосуға  үнемі көңіл бөліп отырады. Шығармашылық ұжымның бастамасымен  ұлы Абайдың, М.Мақатаевтың, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Е.Раушанов, С.Адай, С.Нұржанның поэтикалық туындыларын  көрермендерге сахна тілінде жеткізіп, шығармашылықтарын насихаттаудың көрермен өте жақсы қабылдаған көркем тәсілін тәжірибеге енгізді.

    Елбасының бастамасымен мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына кәсіби ілкімділік пен шығармашылық ізденістер тұрғысынан үлес қосу мақсатында театр репертуарына осы тақырыпқа сай тың туындылар іріктеліп, енгізілуде. Нұрмұхан Жантөриннің 85 жылдығына арналған Республикалық театр фестивалі, 2019 жылы І халықаралық, ал 2022 жылы ІІ халықаралық дәрежеде өткен «ABISH ALEMI» театр фестивальдері сияқты театрлық-көпшілік шаралар көрермендерді театрға тартып, топтастыра түсетініне сенім зор. 

        Осылайша елмен бірге ертеңіне беттеп бара жатқан Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры толағай жетістіктерге жетті. 

        Театр ұжымы 2003 жылдың мамырында Алматы қаласында  Н.Сацтың туғанына 100 жыл толуына орай Республикалық жастар мен балаларға арналған қойылымдар фестивалінде Т.Әліпбаевтің «Томирис» (реж: Г.Мирғалиева) спектаклімен қатысып, «Тұсау кесер» номинациясы бойынша лауреат атанды. Аталған фестивальде театр актрисасы Наремгенова Айгүл «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталды.

        2003 жылдың күзінде Орал қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ Республикалық театрлар фестивалінде Б.Беделханұлының «Махамбет» (реж: Г.Мирғалиева) поэтикалық драмасымен Гүлсина Мирғалиева «Режиссерлік ізденісі үшін» лауреат атанды. 

        2004 жылы Астанада өткен VII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде Абайдың қара сөздері желісі негізінде жасалған  «38 немесе Қарақұрт» (идея авторы және реж: Г.Мирғалиева) спектаклімен қатысып, Гран-При иегері, Мирғалиева Гүлсина  «Ең үздік режиссер», Гюль Зиятова «Ең үздік сахна костюмі» аталымдары бойынша марапатталды.

2005 жылдың Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтің 100 жылдығына арналған ХІІІ Республикалық театрлар фестивалінде Абайдың қара сөздері желісінде жасалған «38 немесе Қарақұрт» қойылымы үшін «Шығармашылық жаңа ізденістері үшін» номинациясымен марапатталды.

2007 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің арнайы ұсынысымен театр ұжымы Египет Араб Республикасының Каир қаласында өткен ХІІІ Халықаралық эксперименталды театрлар фестиваліне  қатысты. Каир  қаласында өткен бұл фествальде Маңғыстау облыстық театр мамандары А.С.Пушкиннің «Моцарт и Сальери» пьесасы негізінде дайындаған «Или Моцарт? Или Сальери?» (орыс тілінде) қойылымын сахналады. Идея авторы және режиссері Г.Мирғалиева. Әлемдік деңгейде тәжірибе алмасқан театр артистері мен мамандар ризашылықпен оралды. Көптің көңіліне ұнаған қойылым жоғары дәрежеде сахналанып, оң бағасын алды.

    2005 жылы Қызылорда қаласында өткен Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтың 100 жылдығына арналған XIII Республикалық театр фестивалінде «38 немесе Қарақұрт» қойылымымен қатысып,   «Шығармашылық жаңа ізденістері үшін» дипломымен марапатталды. 

2008 жылы қараша айында Қазақстан театрларының  ХVI республикалық фестивалі Ақтау қаласында өтті. Бұл фестиваль Қазақ өнерінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған өнер иесі, ҚазССР-інің Халық артисі Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналды. Ақтөбе, Павлодар, Петропавл, Шымкент, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Атырау, Астана,  т.б. қалалардан барлығы  13 өнер ұжымы қатысты. Аталған шара аясында Н.Жантөриннің 80 жылдығына арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Фестиваль шымылдығы облыстық музыкалық драма театр алдында актер кеудемүсінін қоюмен ашылды. Кеудемүсінді ашу құрметі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен марқасқа актердің зайыбы Маргарита Иовлеваға бұйырды. Өнер ұжымдарының еңбегін бағалаған қазылар алқасының құрамында кино және театр актері, режиссер, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақ ұлттық музыка академиясының доценті, Н.Жантөриннің қызы Жанна Жантөрина, театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Сания Қабдиева, Қазақстанның халық артистері Есмұхан Обаев және профессор, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай сынды өнер майталмандары болды. 

ХVI Республикалық фестивалінде театрымыз француз драматургі Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» қойылымымен қатысып, І орын иеленді. Бұл фестивальде театр актрисасы Майра Бақбердиева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша лауреат атанды. Нұрмұхан Жантөриннің құрметіне арналып өткізілген шара көпшілік құрметіне бөленіп, жоғарғы деңгейде бағаланды.

        2011 жылы XIX Республикалық театр фестивалінде С.Құдайбергеновтың «Перзентхана» қойылымымен спектакль режиссері Гүлсина Мирғалиева «Ең үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша марапатталды. Ал театр актрисасы Майра Бақбердиева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. 

         2012 жылы Ә.Мәмбетовтың 80 жылдығына орай Орал қаласында өткен Қазақстан театрларының ХХ Республикалық фестивалінде М.Әуезов, С.Цвейгтің шығармалары негізінде қойылған «Зілзала» спектаклі үшін «Ең үздік режиссерлік шешім» жүлдесімен марапатталды. Қойылымда басты рольдерді сомдаған Бану Манкеева, Марат Абай-Ділдә, Айнұр Абенова, Кенжебек Башаров, Гюль Зиятова, Кенен Ақүрпеков актерлік ансамбльмен, шебер үйлестірілген тұтастықпен, әр жанрдағы шығармаларды бір арнаға тоғыстырып, актерлік өнердің жоғары мектебін көрсете алды. 

        2013 жылы Астана қаласының 15 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем» атты Халықаралық театр фестивалінде көрермендерге М.Әуезов, С.Цвейгтің «Зілзала» атты эссе жанрында қойылған спектакль ұсынып, театр әлемінің тылсым сырларын руханияттың тұнығынан сусындатқаны мен Елорда мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін арнайы дипломмен марапатталды.

2013 жылдың 4-7 қараша аралығында театр ұжымы Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты актерлерге арналған І Республикалық театр фестиваліне қатысып, М.Байджиевтің «Іздедім сені» аталатын психологиялық драмасын көрермен назарына ұсынды. Жаңа бағыт, тың идеяларды қамтыған фестивальде Қ.Тастанбеков, Т.Жаманқұлов, М.Өтекешова сынды театр майталмандары төрелік етті. 22 жастағы жаны нәзік Нәзидің ролін сомдаған актриса Манкеева Бану «Жоғары актерлік шеберлігі үшін» номинациясына ие болды.

       2014 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің V халықаралық театр фестивалінде Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі мен С.Цвейгтің «Амок» новелласының және 2011 жылы Жапонияда болған зілзаланың желісі бойынша сахналанған «Зілзала» спектаклінде сомдаған рольдері үшін Гюль Зиятова, Айнұр Абенова, Бану Манкеева «Екінші пландағы үздік роль» номинациясын иеленді. 

          2016 жылы Ақтау қаласында өткен «ӘБІШ ӘЛЕМІ» Бірінші республикалық театр фестивалінде театрдың шығармашылық құрамы Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесінің желісі бойынша сахналанған «Шыңырау» (режиссері С.Потапов) қойылымы үшін «Ең үздік қойылым» - Бас жүлде Әбіш Кекілбаев атындағы сыйлықпен  марапатталды.

        2016 жылы Ақтөбе қаласында өткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестиваліне У.Шекспирдің «Гамлет» спектаклімен өнер көрсетіп,  актер К.Башаров Гамлет ролі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды.

 2017 жылы мамыр айында Түркияның Трабзон қаласында өткен Халықаралық Қаратеңіз театрлар фестиваліне «Гамлет» спектаклімен қатысып, ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы дипломына ие болды. 

        2019 жылы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық театр фестивалінде актер М.Өмірәлиев Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» спектакліндегі Әлихан ролі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды. 

       2019 жылы Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалінде  «Фариза мен Мұқағали» (режиссері Н.Жұманиязов) спектаклі  ІІ орынға ие болды.

        2021 жылы Стамбұл қаласында ТҮРКСОЙ Түркі мәдениетінің Халықаралық Ұйымы, Анатолияның 7 халықаралық театр сыйлығының қазылар алқасы Гүлсина Мирғалиеваны түркі әлемінің театр кеңістігіне қосқан үлесі үшін «ANADOLU» халықаралық театр сыйлығымен марапаттады.

        2021 жылы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» атты республикалық фестиваліне А.Островскийдің «Найзағай» спектаклімен қатысып, театр актері Абзал Ратбек Тихон ролі үшін «Үздік актер» номинациясымен және қойылым режиссері Д.Жұмабаева «Үздік режиссер» номинациясымен марапатталды.

        2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен «BALAUSA» V Халықаралық эксперименталды спектакльдер фестиваліне Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» спектаклімен қатысып, театр актрисасы Алия Бисенбиева көзге түскені үшін «Үздік әйел адам ролі» номинациясымен марапатталды.

        2022 жылы Грузияның Кутаиси қаласында Ладо Месхишвили атындағы Мемлекеттік драма театрында өткен «Театральная Имерети – 2022» Халықаралық театр фестиваліне қатысып, «Грузин драматургиясының үздік сахналық интерпретациясы» және «Үздік актерлік ансамбль» номинациялары бойынша арнайы дипломмен марапатталады.

        2022 жылы Алматыда Қазақстан Театр Сыншылары жүлдесінің тағайындауы бойынша актриса М.Бақбердиева Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» қойылымындағы Миллат ролі үшін «Екінші пландағы жыл актрисасы» номинациясымен марапатталды.

        2022 жылы Көкшетауда жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерғалиев Жабал Ерғалиұлының 70 жылдық мерейтойына орай өткізілген театр фестиваліне Ж.Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» спектаклімен қатысып, қоюшы суретші Т.Мамаев «Сәтті сценография» номинациясымен марапатталды.

        Осы жылдар бойы театр ұжымы Татарстандағы «Науруз» түркі халықтарының ІХ, ХІІ халықаралық фестивальдеріне, Түрікменстанның «Бақыт дәуірінің театралдық өнері» атты ІІ Халықаралық театр фестиваліне және Мары қаласындағы «Мары – түркі дүниесінің мәдени астанасы 2015» бағдарламасы аясында өткен ТҮРКСОЙ мүше елдерінің ІV Мемлекеттік театр жетекшілері кеңесінің жиыны мен театр труппаларының көрсетіліміне,  Астанадағы «Сахнадан сәлем!» атты Халықаралық театр фестиваліне, Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем!» V Халықаралық театр  фестиваліне, «Самғау» атты VI Халықаралық театр фестиваліне, Беларуссиядағы «M@rt.контакт-2018» ХІІІ Халықаралық жастар театр форумына, Көкшетаудағы «ТеArt-Көкше» атты І және ІІ Халықаралық театр фестивальдеріне, Армениядағы Ереван Халықаралық Шекспир театр фестиваліне қатысумен шеберлік шыңдап, өз өнерлерін паш етті. 

          Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының шығармаларын насихаттауға арналған алғашқы «ӘБІШ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалі 2016 жылы республикалық деңгейде өтті. Оған республикамыздың аймақтарынан алты және Ресейден Ноғай театры қатысқан болатын. 2019 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылтайшылығымен, республика мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮКСОЙ-дың қолдауымен «ӘБІШ ӘЛЕМІ» театр фестивалі Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналып, аймақтық деңгейден халықаралық дәрежедеге көтеріліп, үлкен шығармашылық өрлеумен өтті. Оған Армения, Грузия, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан елдерінің театр ұжымдары және Қазақстаннан үш театр қатысты. 2022 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылтайшылығымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің, Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «ABISH ALEMI» театр фестиваліхалықаралық деңгейде екінші мәрте өткізілді. 

        Жазушы қаламынан туындаған көркем-әдеби, тарихи-танымдық мұраларын насихаттау, сахна тілінде сөйлетіп, жас ұрпақ жадына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған фестиваль біз үшін зор құрмет, үлкен мақтаныш. Бұл фестиваль Әбіш Кекілбайұлының шығармалары бойынша қойылған дүниелердің қазақ театр сахнасымен қоса, әлемдік театр сахна төрінен жаңғыруына күш салумен қоса, тәжірибе алмасу арқылы шығармашылық ұжымдарды жаңа жетістікке жетелейді. Бүгінге дейін жазушының қазақ театрларының репертуарынан берік орын алған  «Абылай хан», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау», «Күй», «Махаббат мұнарасы», «Бір шөкім бұлт», «Адам болып өтейін», «Аңыздың ақыры» сияқты шығармаларының желісімен спектакльдер қойылып келеді. 

        Қырғызстан, Грузия, Башқұртстан сияқты достас елдерден және елорда мен Алматыдан, Қызылорда, Қарағанды, Семей қалаларынан келген драма театр актерлері Нұрмұхан Жантөрин театрының сахна төрінде өзара сынға түсіп, өз өнерлерін тарту етті. Шетелден, ел астанасы мен облыстардан келген құрметті қонақтар, Әбіш ағаның отбасы, ізбасарлары, басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Құрылған күннен бастап ізденіс жолына түскен театр ұжымы жемісті әрі жеңісті өнер шеруін  жалғасытырып келеді. Әр жылғы жаңа маусымдық жоспар бойынша театр ұжымы алыс-жақын шетелдерге, республикамыздың бірқатар (Алматы, Астана, Орал, Ақтөбе, Шымкент, т.б.) қалаларын және облыстың барлық елді мекендеріне, Қаражанбас пен Қаламқас кен орындарындағы вахталық поселкелерде гастрольдік сапармен баруды дәстүрге айналдырды. 

  2015 жылы театр ұжымы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып қойылған Ә.Кекілбайұлының «Абылай хан» документалдық драмасын Астана қаласында өткен гастрольдік іссапарында ұсынды. Театрдың шығармашылық труппасы 13-маусымының жабылуы қарсаңында Алматы облысының Райымбек ауданының Қарасаз және Сарыжаз ауылдарына, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылына Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» драмаларымен гастрольдік сапарға барып қайтқан болатын.

        Театр қызметкерлері мәдениет басқармасының, облыс әкімдігінің және министрліктің арнайы жүлделеріне ие болып келеді. Осылайша ел қалауымен құрылған  Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры елмен бірге ертеңіне беттеп барады.

 





МКҚК сатып алу қызметі саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

Положение антикора

МКҚК-дағы мүдделер қақтығысын реттеу саясаты

Инструкция по противодействию коррупции

МКҚК-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету саясаты

Ел қалауымен құрылған театр

The theatre of people's wish

 

Анықтама ақпараты

Касса: 60-10-04

Жалпы сұрақтар: 60-10-03

*Театр әкімшілігі қолайсыз жағдайлар орын алғанда, қойылымдарды ауыстыруға құқылы

Вы можете приобрести билеты онлайн

 

 

Нұрмұхан Сейітахметұлы Жантөрин

Жантөрин Нұрмұхан Сейітахметұлы (22 сәуір 1928 жыл Атырау облысы, Махамбет ауданы - 2 мамыр, 1990 Алматы) — актер, режиссер. Қазақ КСРнің Халық артисі (1966). Қазақ КСРның Мемлекеттік сыйлығының иегері. 

Толықтай Википедия

>